Курортология және медициналық оңалту ҒЗИ сарапшылары Astana Medical Forum 2024 көрмесіне қатысты

Жарияланды: Марлан

ҚР ДСМ Курортология және медициналық оңалту ҒЗИ өкілдері Астана медицина университетінің 60 жылдығына арналған «Astana Medical Forum 2024: болашақ медицинасы-ғылым, білім және практика интеграциясы» атты бірінші халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Институт делегациясының құрамына директордың ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Қанат Текебаев, маркетинг және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Марлан Есілбаев, ғылыми-зерттеу басқармасының басшысы Бауыржан Мадина, баспасөз хатшысы Еркежан Атанова және маркетолог Мадина Қалкешева кірді.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентінің, министрліктер мен мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік құрылымдардың өкілдерін қоса алғанда, денсаулық сақтау, ғылым және білім беру саласындағы негізгі қатысушыларды біріктірді. Форумға Қазақстанның және шетелдік ғылыми институттардың жетекші академиялық көшбасшылары, ғалымдары, сондай-ақ практикалық денсаулық сақтау сарапшылары қатысты.

Форумның ашылу салтанатының басында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина университетінің ұжымына Мемлекет басшысының атынан құттықтау сөз сөйлеп, университеттің медицинаның дамуына қосқан үлесін атап өтіп, оның қызметкерлері мен оқытушыларына алғысын білдірді. «Астана медицина университетінің тарихы 1964 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын құрудан бастау алады және осы жылдардың ішінде ол Денсаулық сақтау министрлігінің реформалары мен бастамаларын қолдай отырып, медициналық білім және ғылым саласында көшбасшы болды», - деп атап өтті ведомство басшысы.

60 жылдың ішінде университет 30 мыңнан астам дипломды мамандарды шығарды, олар бүгінде жоғары дәрежелі дәрігерлер, фармацевтер және денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар болып жұмыс істейді.

Форум тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және денсаулық сақтау, ғылым және білім беру салаларында шешімдер іздеу үшін бірегей алаңға айналды. Іс-шара бағдарламасына пленарлық отырыстар, панелдік пікірталастар, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі сессиялар, денсаулық сақтауды цифрлық трансформациялау жөніндегі хакатон, сондай-ақ инновациялық жобалар мен цифрлық технологиялар көрмесі кірді. Қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы заманауи сын-тегеуріндерді, болашақ медицинасы үшін кадрлар даярлауды, клиникалық практикаға инновациялық технологияларды енгізуді, цифрландыруды дамытуды және медицина ғылымының келешегін талқылады.

ҚР ДСМ Курортология және медициналық оңалту ҒЗИ медициналық оңалту мен курортологияны дамыту саласындағы өзінің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін ғылыми әлеуетті арттыруды және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда.

Қаз. 15, 2024, 4 Т.Қ.