Қазақстан мен Қытай Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Жарияланды: Марлан

Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік шеңберінде екі елдің Президенттері – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин достыққа, бейбіт көршілікке және өзара сыйластыққа негізделген екіжақты қатынастарды нығайту ниетін растады.

2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бастаған делегация Қытай тарапымен ғылым, жаңа технологиялар, фармацевтикалық өндіріс және тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған келіссөздер жүргізді.

2025 жылғы 17-26 қаңтар аралығында Орталық Комитет мүшелерін, Атқару Комитеті өкілдерін және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларын қоса алғанда, «AQNIET» Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының 46 өкілі ҚХР-ға жұмыс сапарын жүзеге асырды.

Бурабай ауданынан Курортология және медициналық оңалту ҒЗИ «Бурабай» ЕСК филиалының БПҰ төрағасы Толқын Абелдинова қатысты.

Сапар шеңберінде делегация Үрімші қаласының жетекші медициналық мекемелеріне: Мемлекеттік қалалық ауруханаға, ана мен бала орталығына, сондай-ақ стоматологиялық клиникаға барды. Кездесулер барысында «сұрақ-жауап» форматындағы конференциялар өтті, онда тараптар денсаулық сақтауды дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстандық мамандар медицина саласындағы жаңа технологиялық әзірлемелермен танысып, Қытай Халық медицинасы орталығының өкілдерімен кездесуге қатысты.

Қазақстандық делегацияны Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық округінің медициналық облысының бас хатшысы, сондай-ақ өңірдің бас дәрігерлері, медициналық мамандары мен денсаулық сақтау әкімшілігінің өкілдері қабылдады.

Сапардың соңында қатысушылар медициналық туризмді дамыту, тәжірибе алмасу және Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі бастаманы жылы қабылдағаны және қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Қаң. 31, 2025, 4:44 Т.Қ.