Kimyste Wellness өкілдерімен кездесу

Жарияланды: Милана

ҚР ДСМ Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты мен Kimyste компаниясы Қазақстандағы санаторийлік-сауықтыру мекемелеріне заманауи жабдықтарды енгізу мәселесін талқылады

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының орталық аппаратында Kimyste халықаралық компаниясының директоры Шон Тан бастаған өкілдерімен кездесу өтті.

Kimyste – Сингапурда құрылған, Малайзия, Вьетнам және Моңғолияда өкілдіктері бар халықаралық компания. Компания массаждық терапияға, қалпына келтіру мен релаксацияға арналған инновациялық құрылғыларды әзірлейді және өндіреді, сондай-ақ биологиялық белсенді қоспалар мен косметика шығарады және сауықтыру орталықтарының желісін дамытады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның санаторийлік-курорттық ұйымдарына жоғары технологиялық жабдықтарды жеткізу перспективаларын, аурулардың профилактикасы мен оңалту саласындағы озық шешімдерді бірлесіп енгізу мүмкіндіктерін, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларға қатысуды талқылады.

Kimyste өкілдері компанияның оңалту және сауықтыру емшараларының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар инновациялық әзірлемелерді – заманауи физиотерапиялық медициналық жабдықтарды және денсаулықты қалпына келтіру мен нығайтуға арналған құрылғыларды таныстырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестік қатынастарды дамытуға және ынтымақтастық туралы меморандумның жобасын пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.

Қаз. 31, 2025, 5:11 Т.Қ.