Бурабай ауданында Ақмола облысында туризмді дамыту мәселелеріне арналған жиналыс өтті

Жарияланды: Марлан

ҚР ДСМ курортология және медициналық оңалту ҒЗИ директоры Саягүл Қайыргелдина және директордың экономикалық және әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Ерлан Ахметжанов Ақмола облысындағы туризмді дамыту жөніндегі кеңеске қатысты.

Іс-шара Мемлекет басшысының 13 маусымда кеңейтілген отырыста берген тапсырмаларын орындау аясында өткізілді. Шақырылғандардың арасында туроператорлар мен бизнес өкілдері бар.

Ақмола облысы еліміздің туристік кластерлерінің үштігіне кіреді. Облыс аумағында Щучинск-Бурабай және Зеренді курорттық аймақтары, үш ұлттық табиғи парк – «Бурабай», «Көкшетау», «Бұйратау», сондай-ақ Қорғалжын қорығы сияқты танымал демалыс орындары бар.

Іс-шараны аша отырып, облыс әкімі Марат Ахметжанов туризмнің біздің еліміз үшін үлкен әлеуметтік және экономикалық маңызы бар екенін атап өтті, өйткені ол жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар тартуға және кірістерді ұлғайтуға ықпал етеді.

«Өткен аптада ғана Президент әлемдік жалпы өнімдегі туризм үлесі тоғыз пайыздан асқанын атап өтті. Туризм экономиканың қарқынды дамуының катализаторы болып табылады, бірақ қолда бар әлеуетке қарамастан, экономика саласы ретінде әлі тиімді емес. Өкінішке орай, біздің өңірде де осындай жағдай қалыптасуда. Бүгін біз сарапшылар, бизнес қауымдастықтар мен ЖАО кіретін жұмыс тобын құрдық, ең бастысы - ашық жұмыс істеу, туризмнің дамуына не кедергі келтіретінін және қандай құралдар мен институттар тиімді екенін нақты көрсету», - деді облыс басшысы.

Іс-шара барысында туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский Ақмола облысындағы кластерді дамыту перспективалары туралы баяндама жасап, туристердің статистикалық есебін өзгерту, көлеңкелі айналымнан шығу, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жақсарту бойынша негізгі кедергілер мен өз ұсыныстарын айтты.

«Бурабай» курортын және «Ақбура», Жөкей, Қатаркөл, Текекөл сияқты бағыттарды дамытуға, сондай-ақ курорттық аймақтарды цифрландыруға ерекше назар аударылды.

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының үш кезеңінің инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру туралы баяндады.

Пікір алмасу барысында жер учаскелерін беру, бизнесті кредиттеу, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің туробъектілермен өзара іс-қимылы, кадрлардың болмауы және т. б. мәселелер көтерілді.

«Туризмді дамыту арқылы өңірдің экономикасын көтере алатынымызды бәріміз түсінетін кез келді. Туризмді дамыту жөніндегі кеңес осы саланың дамуына жаңа серпін береді», - деп қорытындылады облыс әкімі.

Отырыс нәтижесінде Ақмола облысында туризм кластерін ілгерілету бойынша жұмыс тобы құрылды.

Мемлекеттік органдардың, бизнес пен сарапшылардың бірлескен жұмысы өңірдегі туризмнің дамуын жеделдетіп, оны Ақмола облысының экономикалық өсімінің драйверлерінің біріне айналдырады деп күтілуде.

ҚР ДСМ курортология және медициналық оңалту ҒЗИ ұлт денсаулығын сақтауға бағытталған санаторлы - курорттық сала мен сауықтыру туризмін дамыту бойынша өз ісін жалғастыруда.

ҚР ДСМ курортология және медициналық оңалту ҒЗИ баспасөз қызметі берілген ақпарат үшін Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне алғысын білдіреді.

Маусым 20, 2024, 12:49 Т.Қ.